2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салынбайды. Бұл жөнінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Келер жылдан бастап зейнет жасына байланысты барлық төлемдерден ЖТС алынбайтын болады. Бұл норма ҚР-ның резиденттеріне ғана қатысты, яғни резидент емес тұлғалар үшін салық ұсталуы мүмкін.
Сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемінен (БЗТ) де ЖТС алынбайды.
Түзетулерге сәйкес, тұрғын үй сатып алу немесе емделуге арналған БЗТ-дан зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған ЖТС міндеттемелері де жойылады. Алайда бұрын бюджетке төленген салықтар қайтарылмайды.
Бұдан бөлек, өзгерістер ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша салықтық шегерімдердің күшін жояды.
"Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкердің атына БЖЗҚ-ға аударған ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) қызметкердің табысы ретінде есептелмейді және жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады. Ал жұмыс беруші үшін бұл төлемдер корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерім ретінде қарастырылады. Осылайша, бұл салықтық жеңілдіктерді әрі қызметкер, әрі жұмыс беруші пайдалана алады", – деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мұндай зейнетақы төлемдері мен БЗТ табыс ретінде есептеліп, 10% мөлшерлеме бойынша салық салынады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 18 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды.